2025 жылғы 20 мамырда Брюссель қаласындағы Еуропарламент ғимаратында «ЕО – Қазақстан: білім беру және мәдениет – ынтымақтастықтың берік көпірлері» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Бельгиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігі мен Еуропарламенттің Орталық Азия және Моңғолия елдерімен байланыс жөніндегі делегациясымен (DCAS) бірлесе ұйымдастырылды.
Аталған дөңгелек үстел Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы екіжақты диалогты нығайтудың, сондай-ақ жоғары білім мен мәдени алмасу салаларындағы ұзақ мерзімді әрі орнықты әріптестікті қолдаудың маңызды алаңына айналды.
Панельдік сессиялар барысында келесі тұлғалар сөз сөйледі: Джузи Принчи – Еуропарламенттің Орталық Азия елдерімен байланыс жөніндегі делегация төрағасы, Саясат Нұрбек – ҚР Ғылым және жоғары білім министрі, Марғұлан Баймұхан – Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР-ның ЕО және НАТО жанындағы өкілдігінің басшысы, Альберико Гамбино – Италиядан сайланған Еуропарламент депутаты, Сыртқы істер комитеті төрағасының орынбасары, Богдан Анджей Здроевский – Еуропарламенттің Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары, Еркін Тұқымов – ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры, Асқар Абдрахманов – Қазақстан Республикасының UNESCO-дағы тұрақты өкілі, Еропарламент депутаттары Мануэла Рипа және Катарина Рот Неведалова, Анджей Була және Тьерри Мариани.
Дөңгелек үстелге қатысушылар. Фото ҚР Бельгиядағы Елшілігінің сайтынан алынды
Марғұлан Баймұхан өз сөзінде былай деп атап өтті: «Бүгінгі талқылау тақырыбы – «ЕО – Қазақстан: білім беру және мәдениет – ынтымақтастықтың берік көпірлері» – өте өзекті әрі маңызды. Қазақстан үшін білім мен мәдениет – бұл тек даму жолдары ғана емес, олар – сенім, бейбітшілік пен ұзақ мерзімді әріптестіктің іргетасы. Осы жылдар ішінде біздің елдеріміз ортақ құндылықтарға негізделген берік қатынастар орнатты. Білім алмасу, мәдени бағдарламалар мен бірлескен академиялық бастамалар өзара түсіністік пен өсудің мызғымас негізін қалады».
Аталған іс-шараға Қазақстан академиялық қоғамдастығы атынан Нархоз Университеті қатысты. Университет делегациясы құрамында: Айгерім Раимжанова – Даму және халықаралық қатынастар жөніндегі вице-президент, Талғат Сарсенбаев – Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің директоры, Айжан Смаилова – Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің профессоры. Нархоз Университеті Орталық Азиядағы білім беру трансформациясының танылған көшбасшысы ретінде шақырылды.
Талғат Сәрсенбаев, Айгерім Раимжанова, Айжан Смаилова, Марғұлан Баймұхан. Фото университеттің баспасөз қызметінің мұрағатынан алынды
Айгерім Раимжанова өз баяндамасында Нархоздың интернационализация саласындағы негізгі жетістіктерін, қос диплом бағдарламаларын және студенттер мен профессорлар арасында құндылық алмасу мен жаһандық бағдарды ерекше атап өтті.
Талғат Сарсенбаев Еуропалық серіктесі Mykolas Romeris University-мен бірлескен бағдарламалардың сәтті тәжірибесі туралы және БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасы аясындағы ТДМ №16 («Бейбітшілік, әділет және тиімді институттар») бойынша Жаһандық Хабтың Вице-төрағасы ретінде университеттің алдағы жоспарларымен бөлісті. Ол дөңгелек үстел қатысушыларын бейбітшілік пен тиімді институттар қағидаттарын қолдауға бағытталған бірлескен бағдарламалар арқылы қолдауға шақырды.
Сондай-ақ дөңгелек үстел барысында университет жанынан БҰҰ-ға жәрдемдесу және жаһандық дипломатия институтын құру бастамасы жарияланды – бұл халықаралық ауқымдағы ірі жобаның бір бөлігі болмақ.
Еркін Тұқымов, Айгерім Раимжанова, Талғат Сәрсенбаев. Фото ҚР Бельгиядағы Елшілігінің сайтынан алынды
Айта кетейік, 2025 жылғы сәуір айында Нархоз Университеті БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасы аясындағы ТДМ №16 бойынша Жаһандық Хабтың Вице-төрағасы мәртебесіне ие болды.
Нархоздың даму стратегиялары дөңгелек үстелде айтылған халықаралық қауымдастықтың басымдықтарымен үндеседі: академиялық ұтқырлық, ғылыми ынтымақтастық, білім беру бастамалары мен мәдени алмасу арқылы серіктестікті кеңейту.
Дөңгелек үстел қатысушылары Нархоздың жетістіктерін жоғары бағалады. Еуропарламент депутаты, делегация төрағасы Джузи Принчи университетті Италияның Реджо-ди-Калабрия қаласындағы Mediterranea University of Reggio Calabria оқу орнымен әріптестік орнатуға шақырды. Ресми келісім 2025 жылғы шілде айында қол қоюға жоспарланып отыр.
«Дөңгелек үстелге қатысу – бұл жай ғана академиялық тәжірибе алмасу емес, болашаққа салынған инвестиция. Халықаралық бірлескен жұмыс Қазақстан мен ЕО елдері үшін де тәжірибелік мәні бар инновацияларға жол ашады және елдер арасындағы стратегиялық байланыстарды нығайтуда шешуші рөл атқарады», – деп атап өтті Нархоз Университетінің Президенті Қанат Қожахмет.
Бүгінде Нархоз Университеті студенттеріне АҚШ пен Еуропаның жетекші университеттерімен қос диплом бағдарламаларын, сондай-ақ 35 елдің 90-нан астам жоғары оқу орнында академиялық ұтқырлық мүмкіндігін ұсынады.
Дөңгелек үстелде сондай-ақ университеттер арасындағы әріптестікті дамыту жолдары, Erasmus+ бағдарламасы секілді еуропалық академиялық бастамаларды ілгерілету, цифрлық трансформация үдерістері, сондай-ақ білім мен мәдениеттің инклюзивті және орнықты қоғам құрудағы рөлі талқыланды.



